Жарқын жаңалықтар
Құрметті оқырман!!!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының басшылығымен «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының XLII томы жарық көрді.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының қырық екінші томында Ә. С. Тaрaқовтың «Абaйдың aудaрмaшылық тaлaнты» еңбегі берілді. Филология ғылымының докторы, профессор Ә.С. Тaрaқов Aбaйдың Бaтыс және орыс aқындaрынaн aудaрғaн туындылaрын жaн-жaқты зерттеді. Клaссиктердің шығaрмaшылық өмір жолы берілген. Сонымен бірге Абай поэзиясының aудaрмaлaры теориялық тұрғыдaн терең тaлдaнaды. Әр aудaрмaдaғы Aбaйдың ізденісін, бaлaмa, сәйкестік тaбу шеберлігін, aудaру тәсілдері мен шешімдерін түпнұсқa мен aудaрмaны сaлыстырa aйқындaп, дәлелдейді. Әр aудaрмaны нaқты тaлдaп, сaрaптaп, Aбaйдың aудaрмaшылық тaлaнтын ерекшелейді. Шығыс пен бaтыс әдеби сaбaқтaстығын сaрaлaйды.
Томға енген еңбек абайтанушыларға, магистранттар мен докторанттарға, Абай мұрасын білмекті парыз тұтқан білім алушы жастарға және көпшілікке арналған
Құттықтау
ҚҰРМЕТТІ ЗИНОЛ-ҒАБДЕН ҚАБИҰЛЫ БИСЕНҒАЛИ!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты Сізді 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды.
Сіз ұлағатты ұстаз, әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жарты ғасырға жуық табан аудармай ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып келесіз. 1972 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін үздік бітірген соң, университет қабырғасында аспиранттан профессорға дейін жалғасқан оқытушылық және ғалымдық жолыңызды зор қажыр-қайратпен, үлкен абыроймен жалғастырып келесіз. Ұстаздықпен қатар, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттеріңіздің арқасында 2001-2009 жылдарда қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы меңгерушісі қызметін атқардыңыз. Толығырақ »
Өзбекстанда «Абай оқулары» конкурсы өтті
Өзбекстанда «Абай оқулары» конкурсы өтті
Жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми зеттеу институты және Өзбекстандағы Науаи педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы бірлесіп қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай оқулары» атты халықаралық әдеби конкурс өткізді.
Абай ғылыми-зертеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Гуляра Нұрғожинаның ұйымдастыруымен өткен бұл шараның мақсаты — студенттерді қазақ ойшылы, композитор, ағартушы, қайраткер, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақынның шығармашылығымен жан жақты таныстыру, шетелдік студенттердің бұл бағыттағы таным көкжиегін кеңейту. Конкурс «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Көңілім әнді ұғады», «Білімдіден шыққан сөз», «Поэзия жанашыры», әлеуметтік желідегі «Көрермен көзайымы» номинациялары бойынша өтті. Науаи қаласының педогогикалық институтының студенттері Абай шығармашылығы бойынша сұрақтарға жауап беріп, өлеңдерін жатқа айтып, мазмұнын талдаудан жарысты. Шараға белсене қатысып, Абай шығармашылығына қатысты ой-пікірлерімен бөліскен жастардың өнері қазылар алқасын тәнті қылды. Абайдың қара сөздері, өлеңдері мен әндері бірнеше тілде орындалды. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Балнұр Тұрсынова, екінші орынды Нұрсипат Тұрдыбекова мен Перизат Нартай, үшінші орынды Шалқар Жақсылықов пен Ақмарал Қыдырбаевалар иеленді.
Абай Құнанбаев шығармашылығын шетелдегі қандастар арасында насихаттау, таныту бағытында халықаралық деңгейде атқарылған бұл игілікті шара жоғары деңгейде өтіп, өз мақсатына жетті.
Л.Мұсалы, С.Көкенов
«Абайтану» республикалық ғылыми-әдістемелік семинары жалғасуда
«Абайтану» республикалық ғылыми-әдістемелік семинары жалғасуда
Жуырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында орта мектептер мен гимназиялар мұғалімдеріне арналған дәстүрлі «Абайтану» республикалық ғылыми-әдістемелік семинары онлайн формада өтті.
Семинарға республиканың түкпір-түкпірінен орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті және абайтану пәндерінің мұғалімдері қатысты. Тыңдаушыларға филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақов, филология ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Ләйла Мұсалы дәріс оқыды және Абай ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкерлері, жас абайтанушылар Абай шығармашылығы бойынша өз зерттеулері бойынша презентация ұсынды. Абай ҒЗИ-дің вебсайтының құрылымы таныстырылып, қатысушыларға абайтану бойынша қосымша ақпараттық-танымдық материалдардың электронды нұсқалары берілді. Абай ҒЗИ құрастырған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» жинақтарының қысқаша мазмұны хабарланды. Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары бойынша абайтану пәнін оқытудың кейбір әдістемелік мәселелері ұстаздармен бірге талқыланды. Сондай-ақ, Абай ҒЗИ сайтындағы жаңалықтар, электронды кітапхана, Абай өлеңдеріне бойынша аудио-видеожазбалар көрсетілді. Толығырақ »
Ақжан Машановтың «ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ АБАЙ» атты кітабы қайта жарық көрді
Ақжан Машановтың «ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ АБАЙ» атты кітабы қайта жарық көрді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты ұсынған көрнекті ғалым Ақжан Машановтың «Әл-Фараби және Абай» атты зерттеу еңбегі «Қазақ университеті» баспасынан, «Абай институтының еңбектері» сериясымен жарық көрді. Кітаптың алғысөзін жазған ‒ ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғ.Мұтанов, жалпы редакциясын басқарған ‒ филология ғылымдарының профессоры Ж.Дәдебаев.
Шығыс ғұламасы Әл-Фарабидің 1025 жылдығы және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай қайта жарық көрген бұл еңбекте автор қос данышпанның рухани байланысын, даналықтарының түпкі негізін, ілімдерінің әлеуметтік маңызын ашып көрсетеді. Ақжан Машанов фарабитану ғылымының негізін салушылардың бірі. Фарабидің еңбектерін түпнұсқада оқу үшін жасы алпыстан асқанда араб тілін меңгеріп, оның математика, музыка, алхимия, астрономия, жаратылыстану туралы зерттеулері мен пайымдарын ақтарады.
Құттықтау
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты Сізді мерейлі тойыңызбен шын жүректен құттықтайды!
Сіз әдебиеттанушы ғалым, профессор міндетін атқарушы ұлағатты ұстаз ретінде еліміздің ғылым-білім саласының дамуына ұдайы үлкен үлес қосып келесіз.
Сіздің шығармашылық және еңбек жолыңыздың бәрі ҚазҰУ-дың атымен байланысты. 1993 жылы ҚазМҰУ-дың филология факультетін бітіріп, аспирантурасын тәмамдап, 1996 жылы «Әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы» кафедрасынан бастаған еңбек жолыңыз іргелі ғылыми-ізденушілік пен тәлімді тәжірибеге толы.
Қазақ әдебиеттануы, тіл ғылымы, аударма, абайтану ғылымдарына қосқан еңбектеріңіз — жас ғалымдар мен шәкірттеріңізге үлкен үлгі-өнеге. Ұстаздық жолыңызда талай шәкірт тәрбиелеп, оларды біліммен сусындату Сіздің өмірдегі ең сүйікті ісіңізге айналды. Сіздің жетекшілігіңізбен докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертациялар қорғалды және қорғалуда. Әдебиеттану, аударма саласы, абайтану мәселесінде көптеген ғылыми-әдістемелік зерттеулер, ғылыми жинақтар мен оқу құралдарын жариялап, білім мен ғылым саласына орасан үлес қосып келесіз. Әдебиетті сүйетін жас әдебиетшілердің басын қосып, «Көкжиек» клубының жұмысына жетекшілік етуіңізді ерекше атап өтеміз. Абай ғылыми-зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкер ретінде «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымының дайындалуы мен жарық көруіне ерен еңбек сіңіріп келесіз.
Құрметті Ләйла Жұматайқызы! Даналық пен кемелдікке бастайтын осынау мерейлі шағыңызда Сізге, отбасыңызға, туыстарыңыз бен жақындарыңызға зор денсаулық, құт-береке тілейміз, ұлт болашағы жолындағы қажырлы еңбегіңіздің игілігін көріп, құрмет пен абыройға бөлене беріңіз!
Абай ғылыми-зерттеу институтының ұжымы
15.09.2020
Құрметті оқырман!!!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының басшылығымен «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының XLI томы жарық көрді.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының қырық бірінші томында А.М. Картаеваның «Абай мен Мұхтар Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық» еңбегі берілді. Зерттеуде Абайдың даналық тағылымының Әуезовтің шығармашылық мұрасында жалғастырылуы қарастырылады. Қазақ әдебиетінің алыптары Абай мен М.Әуезовтің шығармашылық әлеміндегі көркемдік тұтастық, рухани тамырластық, дәстүр сабақтастығының сан сала арналары кеңінен сөз етіледі. Екі дананың ойшылдық, қоғамдық, гуманистік, суреткерлік ортақ қырлары ашылып, дүниетанымының өзектері, эстетикалық танымдары, ой тереңдігі, сөйлеу тіліндегі рухани тұтастық пен тілдік үйлесімдері арнайы зерттеледі.
Томға енген еңбек абайтанушыларға, магистранттар мен докторанттарға, Абай мұрасын білмекті парыз тұтқан білім алушы жастарға және көпшілікке арналған.
АБАЙ ІЛІМІ ЖАС ҒАЛЫМДАР КӨЗІМЕН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында Абай күніне арналып 2020 жылы 10-15 тамыз аралығында өткен «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы мен ілімі» атты республикалық сырттай ғылыми конференция аясында 13 тамыз күні «Абай ілімі жас ғалымдар көзімен» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Жас ғалымдар қатарында докторанттар Әлібек Байбол, Бибігүл Даутова, гуманитарлық ғылымдар магистрлері Бауыржан Мырзақұлов, Елдос Тоқтарбай, Гүлдана Қасымақын, ақын, журналист Тұрсынбек Башар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің магистранттары Нұрдаулет Омарбек, Айсара Әбдіғаппарова, Күннұр Айтбаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Жақсылық Мұратбек (Нұр-Сұлтан қаласы) тағы басқа білімгерлер болды. Дөңгелек үстелдегі әңгімеге негізінен Президент Қасымжомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты баяндамасы өзек болды.
Білім-ғылым саласында жүрген, шығармашылық жастар бас қосқан бұл жиында Абай Құнанбаев мұрасы бойынша көптеген маңызды пікірлер айтылды. Мәжіліс тізгінін ұстаған Абай ҒЗИ-дің жетекші ғылыми қызметкері, ұстаз Ләйла Мұсалы жастарды ашық диалогқа, пікір алмасуға шақырды. Абай ҒЗИ болашақта жас ғалымдардың электронды ғылыми жинағын дайындап, оның ішіндегі таңдамалы мақалалар «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымына енгізілетіндігін мәлімдеді.
Қазақ руханиятының алып шыңы, Президентше айтқанда қазақ қоғамының «рухани реформаторы» Абай Құнанбаевтың шығармашылығы мен іліміне қатысты жас ғалымдардың көкейінде жүрген көп мәселе («толық адам» ілімі, 38 қарасөздің дербес шығарма қарастыру, бес дұшпан мен бес асыл іс, өзге тілдерге аударылуы, сопылық іліммен байланысы, қазіргі қазақ қоғамы үшін өзектілігі мен маңызы т.б ) ортаға салынды. Президент мақаласында төрт бағытты қамтыған: білім игеру, тәрбие, жаңа кәсіп игеру пен ынтымақ идеяларының қазіргі қазақ қоғамында өзекті болып отырғаны даусыз. Жас ғалымдар осыны терең ұғына біліп, Абайдың жаһандық тұрғыда адам мен қоғам мәселесінің тамырын дөп басқан реформаторлық ойлары мен ұстанымдары жастар үшін де аса өзекті әрі мәнді деп таныды, осы орайда жас абайтанушылар қатарын көбейту қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтылды.
Абайдың ілімімен сусындап, шығармашылығынан нәр алып жүрген дарынды қазақ жастарының абайтануға деген ынтасы мен талабы бізді ерекше қуантты. Болашақта осындай басқосулар жалғасын тауып, жас ғалымдардың баяндамалары Абай ҒЗИ-дың вебсайтында жарияланатын болады.
http://drive.google.com/file/d/1oPvApqe_uxiltfWLPCDIUaTR9kqA7HGH/view?usp=sharing
http://drive.google.com/file/d/1-boM-lS2d8yJAsrfZZk-oDjLEAnrykbB/view?usp=sharing
Ұйымдастыру тобы